Астана қаласында Түркітілдес мемлекеттер ұйымы (ТМҰ) саммиті аясында ұйымдастырылған теміржол әкімшілігі қызметкерлері арасындағы II халықаралық спартакиада өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спартакиадаға қатыстан маңғыстаулық екі спортшы алтыннан алқа тақты.
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданына қарасты Болашақ теміржол бекетінің спортшылары ағайынды Ержан мен Нұржан Амандықовтар – қарапайым теміржолшылар. Олар "Арқан тарту" бойынша сайысқа түсіп, командасымен жеңімпаз атанған. Кеше алтын медальмен оралған спортшыларды Болашақ ауылының теміржолшылары салтанатты түрде күтіп алды.
Айта кетейік, аталған халықаралық спартакиаға Өзбекстан, Әзірбайжан, Қазақстан және Қырғызстан елдерінен 50-ден астам спортшы қатысты. Теміржолшылар армрестлинг, гір көтеру, үстел теннисі, шахмат және арқан тарту сияқты спорт түрлерінен жарысты.
Спартакиаданың негізгі мақсаты – түркі елдерінің болат магистральдары қызметкерлерінің бірлігі мен ынтымақтастығын нығайту болатын.
Шынар Кендін